Егеменді елдің жас ұрпақтарын тәрбиелеу, талапқа сай білім беру, бүгінгі күннің уақыт күттірмес мәселелерінің бірі болып табылады. Сондықтан да, мектепке дейінгі мекемелердің алдында балаға жүйеленіп, дайындалып берген белгілі бір білімді беріп қана қоймай, оны жалпы дамыту, яғни, сөйлеу, оқу, қоршаған орта жөнінде дұрыс көзқарас қалыптастыру, ойын дұрыс жеткізе білуге, дәлелдеуге, сөйлеу мәдениетіне, шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, біртума ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыру міндеті болып тұр.
Балалар өміріндегі мерекелердің маңызы – адамгершілік, эстетикалық тәрбие беру құралы, әдеби шығармалар, әндер мен өлеңдер патриоттық сезімдер қалыптастырады, балалар бойында тәртіптілік, мінез - құлық, ұжымшылдық негіздерін, мәдениетіне тәрбиелейді.
Мейрам күндері – балалар үшін жан тебірентер ән мен күйдің, әсем бидің, көз қуантар көріністердің қызғылықты бір әлемі. Сондықтан да, балабақшаның әрбір тәрбиеленушісі мерекені асыға күтеді. Өз өнерлерін жолдастарына, тәрбиешілеріне және ата - аналарына көрсетуге асығады.
Осы жағынан алғанда, жас жеткіншектерді тәрбиелеп, оларды жан - жақты дамытып, жетілдіруге мерекелік күннің үлесі зор. Жас жеткіншектердің өзін қоршаған ортаға дұрыс қалыптастыруға өз Отанына сүйіспеншілігін арттыруға, еңбекке ынтасын күшейтуге, интернационалдық сезімін оятуға үлкен әсер етеді.